1 мамырда Ұлы Отан Соғысы мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпитальге 78 жыл толады
1 мамырда Ұлы Отан Соғысы мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпитальге 78 жыл толады. Бұл ауруханада Екінші дүниежүзілік, Чернобыль, Ауған соғысының ардагерлері және Семей полигонының зардабын шеккендер емделеді. Бүгінде госпиталь Covid-19 вирусын жұқтырған науқастарды да қабылдап, қатерлі дертпен күресуде. Қазір онда кеселдің кесірінен төсек тартқандардың жағдайы қалай? Қызыл аймақта болып қайтқан Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Республикалық клиникалық госпиталь 1943 жылы 1 мамырда құрылып, 78 жыл тынымсыз соғыс ардагерлерінің денсаулығын оңалту бағытында жұмыс істеп келді. Былтыр пандемияға байланысты провизорлық аурухана ретінде 4 ай жұмыс жасаған. Ал, биыл 22 сәуірден бастап, тағы Covid-19-ды жұқтырғандарды емдеп, вируспен күресуде.
Қазір біз қызыл аймаққа кіреміз. Ол үшін коронавирустан қорғайтын 3-деңгейлі қорғаныш киімін кимекпіз. Біз дайынбыз. Қазірдің өзінде маған тыныс малу өте қиын болып тұр. Себебі 2 медициналық бетперде, 2 қолғап, арнайы етік пен шұлыққа дейін кигізді. Енді, өздеріңіз елестетіңіздер, медицина қызметкерлері дәл осы киіммен күніне 7 сағат қызыл аймақта жұмыс жасайды.
65 жастағы Бақытгүл Тұрысбекқызы жұбайы екеуі коронавирустан емделіп жатқанына 10 күн болған. Айтуынша, вирусты базарға барған уақытта жұқтырыпты. Бастапқыда жай тұмау деп, үйде 10 күн ем қабылдаған. Дерті асқынған қариялар аурухана төсегінен бір-ақ шыққан.
«Қатты ауырғанымыз соншалық, біз бұл дүниемен қоштасып, үмітімізді үзген едік. Себебі тыныс ала алмадық, басымыз қатты ауырды. Жағдайымыз нашарлап кетті. Ешқашан дене қызуым 10 күн бойы түспеген кез болған жоқ. Бірақ ауруханада емделіп, аман қалдық. Дәрігерлерге алғысым шексіз!» – деді науқас Бақытгүл Тұрысбекова.
Госпитальде вирус жұқтырған науқастардың басым көпшілігі қариялар. Бәрі де өте ауыр халде түскен. Қазір емдік препараттармен қатар, дұрыс тыныстауға арналған терапия жасалып, жағдайлары біршама жақсарған. Дерттің азабын тартқандар ақ халаттыларға ризашылығын білдіруде.
«Келгенде өте нашар келгенмін. Қазір өзімді өте жақсы сезініп жатырмын. Біздің үйге адамдар көп келген. Сонда мүмкін жұқтырып кетті ғой», – деді науқас Кенжехан Әбдіжаппарова.
«Мен дәрігерлерге өмірімнің соңына дейін басымды иіп өтемін. Ауа жетпей, тамақ іше алмай қалған едім. Бізді емдеді. Қазір сөйлеп, қимылдай бастадық», – деді науқас Нэлля Лиско.
Госпиталь мамандары мұнда жылына 40 ҰОС ардагерлеріне медициналық көмек көрсетеді. Ал, коронавирус жұқтырғандарды оңалту үшін арнайы курстардан өтіпті.
«Біздің ауруханамыз 100 төсек орынға есептелген. Бүгінгі күні 98 науқас жатыр. Жас шамалары 25 пен 95-тің арасында. Осы екі әжеміз жатыр. Біреуі 92-де. Біреуі 95-те. Кт-1, Кт-2 деген бар - комьютерлік томографияда өкпенің зақымданған көлемі. Бірінші кезде аз болып тұрады да, 5-10 күні көбейіп кетіп жатыр», – деді науқас ҰОС мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальдің бас дәрігері Дамир Дәулетбаев.
Бүгінде бұл госпидальде 138 медицина қызметкері жұмыс жасайды. Жыл сайын мұнда 3000-мыңға жуық соғыс ардагерлері мен радиациядан зардап шеккендер ем алады.
Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы