Алматыда COVID-19 инфекциясын жұқтыру фактісі азайып келеді
Алматыда COVID-19 инфекциясын жұқтыру фактісі азайып келеді. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитары Жандарбек Бекшин онлайн брифингте осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бір күннің ішінде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 4 пайызды құрады. Аптаның басында осы көрсеткіш 15,6 пайызды құраған. Коронавирус індетінің таралуы төмендегені көрініп тұр», – деді Алматы қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН.
Жандарбек Бекшиннің сөзінше, мегаполисте осы уақытқа дейін 40-тан астам бала коронавирус инфекциясын жұқтырған. Ол ата-аналарды карантин тәртібін қатаң сақтап, балаларды далаға шығармауға шақырды. Жасалып жатқан шараларға жауапкершілікпен қарауды тағы бір мәрте ескертті. Себебі күн жылынса адамдардың көбі аулаларға шығып кететін болған. Ал, өз өмірдлеріне алаңдаған жұрт әлеуметтік желіге түрлі видео жүктеп жатыр.
Ал, қазіргі уақытта стационарларда 1 мың 400 адам болса, үй карантинінде 8 мың 590 азамат бар. Онлайн брифингте қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаева науқастардың жағдайын да баяндап кетті.
«Соңғы тәулікте коронавирустан 8 адам көз жұмды. Ажал құшқандардың орташа жасы – 66. Барлығының созылмалы аурулары болған. Емделіп жатқан науқастар жүрегі айнып, асқазаны ауыратынын айтады. Алайда ондай ыңғайсыздық 5 күн ішінде кетеді», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел БИСЕНБАЕВА.
Онлайн пресс-конференция спикерлері тазалық шарасын сақтап, карантин тәртібін бұзбауды азаматтар қатаң ескерсе дейді. Күн райы тамылжып тұрса да себепсіз серуен жасаға мүлдем болмайды. Ал, сіз көшеге шығу арқылы, өзіңізді ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіретініңізді қаперде ұстаған жөн деді. Айта кету керек, мамандардың пікірінше, індеттің тезірек үзілуіне үйде отырып ғана үлес қоса аласыз.
Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы