Олар 30-ға жуық үйді аралады
Алматының Жетісу ауданында санитария мамандары арнайы рейдке шықты. Олар карантинге жабылған 30-ға жуық үйді аралады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үй карантинінде оқшауланған адамдар 14 күннің ішінде сыртқа мүлде шықпау керек. Ал ауру белгілері бар тұрғындардың жеке басына арналған гигиеналық заттары мен ыдыс-аяғы болуы тиіс. Мүмкіндік болса ауырып қалған адам бөлек бөлмеде оқшауланғаны жөн.
«Карантин талаптарын сақтамай, жұмысқа немесе қонаққа барып келетін адамдар кездеседі. Сондықтан біз аурудың тарап кетпеуі үшін осындай тексерістер жүргізіп отырамыз. Үй карантинінде жатқан адамдарға барып жағдайын көріп, барлық талаптарды түсіндіреміз. Егер олар ережені бұзса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді Жетісу ауданды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Қарлығаш Жұрынова.
Коронавируспен ауырғандармен жақын байланыста болған адамдарды учаскелік емханадағы мамандар күнделікті бейнеқоңырау арқылы бақылап отырады. Мамандардың сөзінше, 14 күн өткен соң үйде болған барлық отбасы мүшесі сараптама тапсыруы керек. Тек содан кейін ғана карантин алынады.