Біртанов 11-16 наурызда Қазақстанға коронавирус келуі мүмкін деген мәлімдемеге қатысты пікір білдірді

11.03.2020 02:38

Біртановтың айтуынша, қазақстандық ғалымдардың болжамы расталмай шығуы да мүмкін

Елжан БИРТАНОВ / © СЦК

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшиннің таяуда Қазақстанға коронавирус келуі мүмкін деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшиннің коронавирус инфекциясы туралы айтқан мәлімдемесі тек біздің ғалымдарымыздың болжамы", - деп жазды министр Facebook желісіндегі парақшасында.

Біртановтың айтуынша, қазақстандық ғалымдардың болжамы расталмай шығуы да мүмкін.

"Тағы да айтамын, бүгінде Қазақстанда коронавирус тіркелген жоқ", - деді Біртанов.

Дәрігерлер коронавирустың жаңа белгілерін атады

Еске салайық, мұның алдында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин Қазақстанға коронавирус қашан келетінін айтқан болатын. Оның айтуынша, коронавирус Қазақстанға 11-16 наурыз аралығында келуі мүмкін.

"Біздің болжамымыз бойынша шамамен 11-16 наурыз аралығында біздің елде коронавирус таралады. Бірақ бұл болжам. 1-2 апта не ары, не бері", - деген еді Бекшин.