Күшейтілген карантин коронавирустың алдын алады: алматылықтарды санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды

Tengrinews.kz/Алихан Сариев
Tengrinews.kz/Алихан Сариев
Қазіргі таңда 1870-ден аса алматылық тұрғын коронавируспен ауруханада жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазіргі таңда 1870-ден аса алматылық тұрғын коронавируспен ауруханада жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева айтты. Оның сөзінше, шаһардағы індет жұқтыру қарқыны күннен күнге артып келеді. Осы орайда індеттің қандай да бір белгілерін байқаған жағдайда, бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керек, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Қазір Алматыда COVID-19 жұқтырғандар үшін 7011 төсек қарастырылған. Бүгінде олардың 36 пайызында науқастар бар. Мәселен, коронавирусқа шалдыққан 1900-ге жуық адамның  232-сінде жағдайы ауыр болса, 16 адам хәл үстінде жатыр.  Ал, пандемия басталғалы ауру жұқтырушылар жасы біртіндеп жасарып келеді. Ол деген сөз былтыр егде жастағы тұрғындар көбірек шалдықса, биыл жастардың арасынан да жиі кездесіп жатыр. Ал, тіпті бүлдіршіндердің саны екі есеге артып кеткен.

«Бүгінгі таңда 1878 науқас амбулатриялық бақылауда. Олардың 560-ында коронавирус инфекциясының симптомдары жоқ», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева.

Ал, 1318 науқас жеңіл түрде ауырып жатыр. Індет жұқтырғандардың барлығы қазір қаламыздағы емханалардың жіті бақылауында.

Басқарманың мәліметінше, науқастардың 37 пайызы карантин талаптарын сақтамай, өз отбасыларына COVID-19 жұқтырған. Сондықтан мамандар індетке бейжай қарамау керегін қатаң ескертуде.  Әрі тұрғындарға тиісті қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Себебі аурудың барына сенбей, қоғамға қауіп туғызатындар бар дейді. Ал, алдағы мереке және демалыс күндері карантин талаптарын сақтау керек. Өйткені аурудың көбі адам көп шоғырланатын жерден тез жұғады. Әсіресе, қариялардың барынша үйден шықпағаны абзал.

«Қаланың әрбір азаматынан, әрбір тұрғынынан барлық карантин ережелерін сақтауды сұраймын. Әсіресе, созылмалы аурулары бар адамдарды, сондай-ақ, 65-жастан жоғары егде жастағы тұрғындарды барынша абай болуға шақырамын», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева.

Қала тұрғындары да қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Олардың басым бөлігі күшейтілген карантин талаптарын мақұлдап отыр.

Блиц:

- Басқа елде болып жатқаннан кейін біздің елде де болғаны дұрыс. 

- Ең басты байлық денсаулық, сол үшін де көнесің. 

- Адамдардың денсаулығы маңызды, екінші жағынан олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, жағдай жасау керек. 

Ал, бүгінде аймақта қауіпті дертке шалдыққандар көбейіп, олардың саны 29 428-ге дейін жетіп отыр. Соңғы тәулік ішінде короновирус жұқтырғандар 400-ден асады.

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров