Карантин шаралары жеңілдетілгенмен, санитарлық талаптарды сақтау жеңілдеген жоқ. Дәрігерлер қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы маска тағу деп айтқаннан шаршаған емес. Сауда орындары мен азық-түлік дүкендерінің қызметкерлері қазіргі карантин кезеңіне қаншалықты үйренді? Қала тұрғындары маска тағу тәртібіне жауапкершілікпен қарай ма? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын қала тұрғындарының пікірін жинап келді.
Қала орталығында орналасқан ірі сауда нысанындағы санитарлық жағдай мониторингтік топтың көңілінен шықты. Ғимараттың бұрыш-бұрышында санитайзерлер орналасқан. Әр сауда желісінде қызылды-жасылды жаднамалар ілінген. Онда қауіпті індеттен сақтанудың жолдары мен қауіпсіздік ережелер жазылған. Тұтынушылар денсаулығының қауіпсіздігі үшін баспалар мен тұтқалар әр екі сағат сайын тазаланады. Жарамсыз болған маскалар мен медициналық қолғаптарды тастайтын арнайы қорап та бар.
Бетпердесін үйде ұмытқан тұтынушылар үшін де мұнда әр кіреберіске дәріханалардың бөлімдері ашылған. Осы жерден бетперде сатып алсаңыз болады. Айтпақшы, баға тұрақтылығы да маңызды. Бір бетперде 60 теңге тұрады. Бұдан бөлек сауда орталықтарындағы әр бутиктердің шаршы метріне байланысты адамдардың сыймдылығы көрсетілген. Мында 29 деп жазылып тұр. Яғни, бір мезетте бұл бутикке 29 адамға дейін сауда жасай алады.
Соңғы уақытта алматылықтар да бетперде тағуға ерекше ден қоя бастаған. Олар дүкен мен дәріханаларға кірерде бетперде болмаса, сауда жасай алмайтынын айтады.
БЛИЦ:
- Сақтаймыз, маска тағамыз. Балаларға айтып отырамыз, антисептикпен қолдарын жуады.
- Мы стараемся вообще не посещать. Только по надобности ходим в аптеку и за продуктами.
- Бұрын сенби тақпайтын қазір тағады бәрі. Вирустан қорқамыз, әрине.
Бостандық ауданы бойынша жұмыс істейтін мониторингтік топ қалада карантин енгізілгелі 2600 рейд жұмыстарын жүргізіпті. Шара аясында 106 кәсіпкерлік нысан иесіне айыппұл салынып, жұмысы тоқтатылды. Санитариялық мамандардың айтуынша, қазіргі таңда аудан бойынша эпид-ахуал тұрақты.
«Қазіргі жағдайда инфекция бойынша ауданда жағдай тұрақты. Мысалы, қыркүйек айымен салыстырғанда 20-30 шұғыл хабарламалар түсетін. Қазір 1-2 шұғыл хабарлама түседі. Оған қарамастан бас санитар дәрігердің қаулысында көрсетілген шараларды ұстануына шақырамын», – деді Бостандық ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Гүлнұр Смағұлова.
Бүгінде Бостандық ауданында 17 ірі сауда нысаны бар. Олардың бәрі де қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қалалық кәсіпкерлік басқармасының мамандарының айтуынша, жабық базарлар мен дүкендердің сенбі және жексенбі күндері де қашан іске қосылатынын айта алмай отыр. Бәрі де эпид-ахуалға байланысты дейді.