Алматының Медеу ауданында 100-ге жуық нысан санитария талаптарын сақтамағаны үшін қайта жабылған

18.06.2020 02:41

Жұмысшылардың барлығы медициналық қолғапсыз жұмыс істейді

Аlmaty.tv

Алматының Медеу ауданында тексерілген 200-ден аса нысанның 100-ге жуығы санитария талаптарын сақтамағаны үшін қайта жабылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Олардың қатарында нұсқаулықты ретке келтіріп, қайта есігін ашқандар бар. Алайда ереже ескертілсе де, кәсіпкерлер орындауға құлықсыз. Олар бас амандығынан гөрі қалтаның қамын күйттей ме? Әлде басқа себеп бар ма?

Таулы Қырат шағынауданындағы бұл шайханаға құдды бір карантин режимінің қатысы жоқ секілді. Өйткені еш жерге маскамен жүру, қауіпті індеттен қорғану жөнінде ақпараттық жадынама ілінбепті. Кіреберісте келушілердің дене қызуын өлшейтін маман да, тексеретін құрылғы да жоқ.

Шайханада бар болғаны 1 дана антисептик ортанылған. Бірақ оның өзі күннің астында тұрып, әбден қызып кетіпті. Ал іші лас асханада аспаздар маскасыз тағам пісіріп жүр. Жұмысшылардың барлығы медициналық қолғапсыз жұмыс істейді. Масканың қорын көрсете алмаған жұмысшы кейін қашып кетті.

Оқиға орнынан:

– Маска, бәрі түгел ме?

– Түгел, түгел. Қазір мына жерде маскалар тұр ғой, әне.

Бұл да сол маңайдағы кафелердің бірі. Тексеруге келген бір топ маман бірден маскасыз отырған кассир қызды көрді. Қалғандары да тексерушілерді көрген соң, жан таласа бетперде мен медициналық қолғапты кие бастады. Қолданған қорғаныс құралдарын тастайтын жәшік жерде емес, жоғарыда тұр. Ортақ ережелерді жетік білмейміз деген кәсіп иесі басқа дәмханаларға қарап бой түзеп жүрміз деді.

«Мониторинг барысында шығатын олқылықтардың ең бастысы – маска кию тәртібінің жоқтығы. Медициналық қолғап жоқ. Санитайзерлердің болмауы, оның үстіне тепловизор да қойылмаған. Адамдар кіріп жатыр, шығып жатыр. Бірақ оны ешкім тексермейді», – деді Медеу ауданды Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.

Бүгінгі рейд нәтижесінде 1 нысан жабылды. Олар қателіктерді ретке келтірмейінше ашылмайды.

Жадыра Омаржан, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы