Халық жиі жүретін жер түрлі инфекция мен вирустан таза болуы маңызды
Елімізде қауіпті індетке байланысты қалада дезинфекциялау жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматының Әуезов ауданында санитарлық мекемелер аялдамалар мен көшелер, сондай-ақ тұрғындар көп жүретін жерлерді қамтыған. Халық жиі жүретін жер түрлі инфекция мен вирустан таза болуы маңызды. Бұрын мұндай шара әр айдың басында ғана жүргізілсе, қазір күніне екі мәрте тазаланып жатыр.
Әуезов ауданына қарасты осындай 198 аялдама бар. Олардың барлығы күніне кем дегенде 2 рет осылай дезинфекция жасалып жатыр. Тұрғындар көп отыратын орындықтар, тұтқаларды тазарту жұмыстарына басты назар аударылған. Мамандардың айтуынша, дәрі-дәрмектердің адам ағзасына ешқандай зияны жоқ.
Қаладағы бір ғана Әуезов ауданында 228 пәтер иелері коперативі және мыңға жуық тұрғын үй маңындағы аула бар. Дезинфекция жұмысы аялдамадан бөлек осы жерлерде де қарқынды жүріп жатыр. Балалар ойнайтын алаңдар, саябақтар және қоқыс жәшіктері де тазарту жұмыстараның тізіміне кіреді.
«Аудан аумағында қазір 198 аялдама бар және 204 көшесі бар. Барлық көшелер мен аялдамаларда дезинфекция жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда көшеде 150-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ, 80 техника жұмылдырылған», – деді Әуезов аудандық қаланы көріктендіру бөлімінің бас маманы Әлімжан САЯХМЕТ.
Қауіпсіздік шарасы короновируспен қатар өзге де жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында қолға алынып отыр. Мамандардың айтуынша, дәрілік қоспалардың адам ағзасына ешқандай зияны жоқ.
«10 литр суға 3 пайыздық хлор қосамыз. 10 пайыздық белезна қосамыз, оның адам ағзасына ешқандай зияны жоқ. Бізде бұл бүгін ғана жасалып жатқан нәрсе емес. Дәрілік құрамындағы заттар жойылып кетпес үшін 12 сағатқа дейін тұру керек. Сондықтан да халық жүретін жерлердің бәрі таза болуы тиіс», – деді дезинфекционист Дархан ҰЗАҚБАЕВ.
Бұдан бөлек, көшеде жүрген әр адамға қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмысы белсенді жүргізілуде. Тұрғындардың маска тағуы, медициналық қолғап киюі қадағалануда. Сонымен қатар, билік өкілдері, коронавируспен күресте алғы шепте жүрген құқық қорғаушылар, дәрігерлер, санитарлық қызмет өкілдері мен журналистерден өзге азаматтарды, аса қажеттілік болмаса үйлерінде қалуларын сұрайды.