Қазір ел бойынша 32 мыңнан астам адам үй карантинінде
Бүгінгі күні әлем бойынша коронавирус инфекциясына байланысты карантин тәртібі жеңілдетіле бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Чехия Еуропа елдері арасында алғашқылардың бірі болып шекарасын ашты. Сондай-ақ, мамыр айынан бастап карантин шаралары жеңілдетілетін елдердің тізімі де анықталып жатыр. Дегенмен, дәл қазір жағдайы мәз емес мемлекеттер де бар. Жалпы шет елдерде пандемияға қарсы күрес пен карантин калай өтіп жатыр? Оны сол жақта жүрген отандастарымыздан біліп көрдік.
Ресей коронавирус инфекциясын жұқтырудан Қытайды асып, әлем бойынша 8-орында тұр. Соңғы бір тәулікте COVID-19 індеті 6 мың адамнан анықталған. Елде індетке шалдыққандардың жалпы саны 93 мыңнан асып, көз жұмғандар 867-ге жетті. Мәскеуде оқып жүрген студенттің айтуынша, күн көру айтарлықтай қиындап кеткен.
«Мен қазір карантинде отырмын. Бір аптаға шыдаймын деп ойладым, өйткені осыған дейін бір жұмаға ғана жабады деп айтқан болатын. Кейін 30 сәуірге дейін ұзартылатыны айтылды. Нәтижесінде қазір менің пәтер жалдайтын да, азық-түлік алатын да ақшам жоқ. Сол себепті Қорған қаласына ата-анамның жанына барамын деп шештім. Қазір Мәскеуде жағдай қатты өзгерген. Кептелістер азайды, көліктер де көп емес. Көшелерде адамдар аз. Негізінен барлығы итті серуендетуге, азық-түлік алуға немесе қоқыс шығаруға ғана шығады», – деді студент Сәбина МҰСТАФИНА.
Ал Австрияда дертке шалдыққандар саны 15 мыңнан асып, 569 адам көз жұмды. Жергілікті тұрғындар денсаулықтарына қатты алаңдайды. Видеода көріп тұрғандарыңыздай дүкеннен сатып алған тағамдардың сыртын үйге әкелген соң дұрыстап жуып алады.
«16 наурыз күні ресми түрде карантин енгізгеннен кейін біз үйдің ауласына да шығуды қойдық. Үйдегі балкон үлкен. Сол жерге шығып ауа жұтамыз, баламен ойнаймыз. Осы уақытқа дейін мен супермаркетке екі рет қана бардым. Екі ретте де өзім жасап алған костюммен шықтым. Менде жауын өткізбейтін шекпен бар. Оны үйге келгеннен кейн хлоркамен жуып алуға болады», – деді ҚР азаматы Юлия ТЕН.
Ал Чехияда дәл қазіз біздің әріптесіміз жұмыс сапарымен жүр. Айтуынша осыдан 6 күн бұрын Республикада карантиді алып тастау туралы шешім шықты. Елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай наурыз айының ортасында жарияланған болатын. Ал 24 сәуірден бастап тұрғындарға ел ішінде еркін жүріп тұруға және шет елге шығуға рұқсат етілді.
«23 сәуірде жалпы ұлттық карантинді алып тастау туралы шешім қабылдады және де шетелге шығуға рұқсат бар. Бірақ келгеннен кейін екі жұма үй карантинінде болуы тиіс. 27 сәуірден бастап аумағы 250 шаршы метрден аспайтын, сауда орындарына кірмейтін дүкендер ашылды. ЗОО бақтар, фитнес залдар сонымен бріге және жоғары оқу орындары ашылды. Ал 11мамырдан бастап барлық сауда орталықтары, музейлер ашылады. 25 мамырдан бастап дәмхана, мейрамханадар өздерінің жұмыстарын бастайды», – деді журналист Нұргүл АЛИНА.
Айта кетейік, қазір әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 3 миллионнан асты. 962 мың адам індеттен жазылып шықса, 200 мыңнан астамы көз жұмған. Коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша АҚШ қазір көш басында тұр. Елде індетке шалдыққандардың саны 1 миллионнан асып жығылады.