|
29.04.2020 | 22:01
1859

Ақмола облысында 100 жастағы қария коронавирусты жеңіп шықты

COVID-19-дан жазылған тағы 26 қарт бар

Ақмола облысында 100 жастағы қария коронавирусты жеңіп шықты Almaty.tv

Ақмола облысында 100 жастағы қария коронавирусты жеңіп шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аршалы аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінен айығып шыққан қария 5 мамыр күні өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтпек. COVID-19-дан жазылған тағы 26 қарт бар. 91 жастағы ер адам мен 88 жастағы әйел адам да солардың қатарында. Осы күнге дейін олардың екеуі де ауыр жағдайда болып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған болатын. Науқастардың барлығы бұған дейін ауру тіркелген «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындары.

Сәуір айының басында Аққайың ауылындағы «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында COVID-19-дың жаппай таралуы тіркелген еді. Орталықтың тұрғындары бірінен соң бірі коронавирусқа шалдыға бастады. Дертке тосқауыл қою үшін бірнеше апта қажет болды. Енді қарттардың басым бөлігі Аршалы аудандық ауруханасынан жазылып шығып отыр. Дәрігерлердің өлшеусіз еңбегі үшін алғыс айтқандардың қатарында 79 жастағы Валентина Мирсагатова да бар.

«Сіздер ең күштісіздер, сөзім жоқ, тек шынайы қуаныш сезімі. Күндерім менің, жақсы емдедіңіздер. Еңбектеріңді ешқашан ұмытпаймын. Сіздер үшін дұға етемін», – деді  Валентина МИРСАГАТОВА.  

«Бәрі жақсы болды. Дәрігерлер қолдан келгенін жасады. Олардың арқасында үйге келдік. Қуанышымда шек жоқ», – деді  Анна ГРИНЕВА.

Аса қауіпті індеттен айыққан 27 адам «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына оралды. Олардың кейбірі аса ауыр жағдайда болып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған болатын.

«Айрықша ем, вирусқа қарсы, симптоматикалық ем-дом жүргізілді. Осындай науқастардың ерекшелігі – олардың қосалқы аурулары көп. Сондықтан бастысы медициналық команданың тәртіпке келтірілген жұмысы мен бірлігі, әрине», – деді Аршалы аудандық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімшесінің дәрігері  Виктор ШАЛАЕВ.

COVID-19-дан сауыққандардың қатарында 100 жастағы Полина Силина да бар. Ол өмір бойы сауыншы болып жұмыс істеген. Ал «Шапағат» орталығында 10 жылдай тұрып келеді.

«Өзінің жасына қарамастан, өте белсенді әже. Өлең, тақпақ айтып, бәрімізді сүйсіндіреді. Алла жазса, 5 мамыр күні оның 100 жылдығын атап өтеміз. Қазір ол карантинде. Жағдайы қалыпты»,  – деді  «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Самал МҰҚАНОВА.

Ақ халаттылардың сөзінше, жақын күндері тағы 10 адам жазылып шығады. Ал, өкінішке қарай орталықта ауру таралғалы үш адам көз жұмған.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Ақмола облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир