Алматының Түрксіб ауданындағы кезекті рейд кезінде бірнеше дүңгіршек жабылды

19.06.2020 в 03:15

Карантин кезінде ережені қатаң ұстану керектігі айтылса да, азық-түлік дүкендері талапты сақтамай отыр

Карантин кезінде ережені қатаң ұстану керектігі айтылса да, азық-түлік дүкендері талапты сақтамай отыр. Түрксіб ауданындағы кезекті рейд кезінде бірнеше дүңгіршек жабылды. Таңнан түске дейін 4 нысанға барған тексеруші топ, бәрінен заң бұзушылық анықтады. Енді оларды қандай жаза күтіп тұр? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.

Бұл жолы тексерісті ашық дүңгіршектерден бастап кеттік. Мұндағы сатушылар карантин талаптарына атүсті қарайтын болып шықты. Келушілердің қызуы өлшенбейді. Тіпті антисептик құралын да таба алмадық.

Мына шағын сауда орындарында карантин ережелерінің ешбірі сақталмаған. Кемшіліктерге жол берген дүкеннің жұмысы тоқтатылды. Дүңгіршектер тек барлық санитарлық нормаларды орындамайынша, қайта жұмыс жасай алмайды.

«Шағын сөрелер жабылып жатыр. Неге десеңіз, санитарлық-гигиеналық нормалар сақталмаған. Санитайзерлер жоқ, белгі жоқ. Сонымен бұл жер жаңағы коронавируске қарсы шаралар жасамағаны үшін өздері жабылып жатыр», – деді Түрксіб ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Бұхарбаева.

Рейд барысында супермаркет ішінде арақашықтық сызықтарының сызылмағаны анықталды. Одан бөлек, 100 шаршы метр аумаққа 25 адамнан артық кірмеуі тиіс деген талап та сақталмаған. Ал, сөрелердегі нан, ет өнімдері арнайы қаптамаға оралып сатылуы керек.

Ал, санитарлық құралдары болғаны мен құжаттары жоқ дәмхана иесіне бұл жолы ескерту ғана айтылды. Жалпы шектеу шаралары жеңілдегелі ауданда 458 нысан тексеріліп, 82 кәсіпкерге хаттама толтырылған. Оның ішінде өрескел қателік жіберген онға жуық мекеме жабылған.

«Ең көп қателік жіберетін нысандар – бұл тамақтану орындары. Қазіргі таңда рұқсат берілгелі бері тамақтану орындарының иелері ақша табу мақсатында көп санитарлық нормаларды сақтап жатқан жоқ», – деді Түрксіб ауданы Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Рүстем Әріпбаев.

Мамандарының айтуынша, індет қаупі әлі сейілген жоқ. Сондықтан қаулыға сәйкес тиісті талаптар сақталуы қажет. Ал, рейд жұмыстары күн сайын жалғаса бермек.

Сымбат Ноғай, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» арнасы