Ауруханалардағы төсек-орын саны көбейді. Жаңа медициналық нысандар бой көтерді. Пандемия кезінде ота жасау тоқтаған жоқ. Медицина мейілінше қолжетімді болды. Бұл – Алматыда денсаулық саласының көрсеткіші. Ал, жақында телемедицина жобасы қолға алынды. Оның артықшылығы неде? COVID-19 инфекциясын емдеудегі мақсаты қандай? Әріптесім Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен толығырақ тарқатсын.
Биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі – Алматыда медициналық мекемелер саны артты. Соның бірі, 18 күнде бой көтерген COVID-19 инфекциясымен ауыратындарды емдеуге арналған модульді аурухана. Австриялық технология бойынша тұрғызылған госпиталь соңғы заманауи технологиялармен жабдықталған. Одан өзге, бірнеше ауруханаға жапсарлас ғимараттар бой көтеріп, төсек-орын саны артты. Сондай-ақ, коронавирусты емдеуге арналған су жаңа инфекциялық аурухана да жақында қолданысқа берілмек. Мұнда орталықталықтандырылған медициналық газ жүйесі орнатылған.
«Ғимараттың жалпы аумағы 29 мың шаршы метрді құрайды. Ауруханада 8 қабылдау бөлімшесі мен 45 орынға шақталған жансақтау бөлімі бар. Сондай-ақ, мұнда компьютерлік томография мен ПТР зертхана да орналасқан. Ғимарат толықтай санитарлық-эпидемиялогиялық нормаларға сай», – деді жайлы Қалалық орта басқармасының бас маманы Серік Ғалиев.
Мамандар аты жаман аурудың екінші толқыны болуы мүмкін деп болжауда. Осы тұста қалалық денсаулық басқармасы тиісті шараларды қолға алуда. Соның бірі –телемедицина орталығы. Аталған орталықтың міндеті – COVID-19 вирусы болуы ықтимал және расталған жағдайлары бар науқастарға кеңес беру және мониторинг жүргізу.
«Бұл COVID-19 вирусын емдеу бойынша бірегей қызмет болып отыр. Ол үшін медициналық ақпараттық бағдарламалар әзірленуде. Телемедицина орталығының дәрігері бейнекеңес жүргізеді, науқастың жағдайын бағалайды, ем тағайындап, науқастың электрондық картасына өзгерістер енгізіп отырады. Бұл сонымен қатар барлық COVID-19 жағдайларының бірыңғай электрондық базасы болады», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров.
Одан өзге, пандемия кезінде Алматы ауруханаларында жоспарлы емдеу курстары азайғанымен тоқтаған жоқ. Мәселен, №7 қалалық ауруханадағы жедел оталар тұрақты түрде жасалып тұрса, жоспарлы операциялардың саны азайған. Дегенмен жақында бұл медициналық мекемеде бірегей операция жасалды. Ол – тізе буынының остеоартрозы. 38 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны ұзақ уақыт бойы жаяу жүргенде аяғының ауырғанын сезіп, тіпті кейіннен аяғын өздігінен баса алмаған. Алматылық аурухана жасаған отадан кейін аяғына нық тұрып, ауырсынуы азайған.
«Жедел операция жасаудың бұл әдісі қарапайымдылықпен, қол жетімділікпен және минималды жарақатпен сипатталады. Бұл, әсіресе, жас науқастарға физикалық белсенділіктің жоғары деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Буындардағы өзгерістер еңбекке қабілеттілікті жоғалтуға әкелгенге дейін буындарға түзету операциясы уақытында жүргізілуі керек», – деді ортопед-дәрігер Ибрагим Лиров.
Осылайша қала басшылығы биыл денсаулық саласына жылдағыдандан да ерекше көңіл бөліп отыр. Ондағы мақсат – медициналық қызметтерді тұрғындар үшін қолжетімді және оның сапасын арттыру.
Арнат Дүйсен, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы