Коронавируспен ауырған дәрігер халықты сақтық шараларына бейжай қарамауға шақырды

21.10.2020 03:30

Елімізде соңғы 6 күнде коронавирустан 28 адам көз жұмған

Елімізде соңғы 6 күнде коронавирустан 28 адам көз жұмған. Алматылық дәрігерлер де дабыл қағып, халықты сақтық шараларына бейжай қарамауға шақырды. Өйткені инфекция жұқтырған ақ халатты абзал жандар қауіпті індет алдында өздері де қауқарсыз болғанын айтады. Ауру адам таңдамайды деген олар қарапайым ережелер ажалдан құтқарады дейді. Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан қатаң карантин кезінде жұмыс істеген дәрігерлермен тілдесіп қайтты.

Дәулет Чукманов 10 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер. Ол қауіпті індет өршіген сәтті есіме түсірсем, денем түршігеді дейді. Екі баланың әкесі қатаң карантин кезінде отбасын жарты жылға жуық уақыт көрмеген. Өзі қауіпті дертпен күресемін деп жүріп, коронавирустық инфекция жұқтырып алғанын білген. Айтуынша, өзіннен аурудың барлық клиникалық белгілерін байқапты. Екі жақты пневманияға шалдыққан дәрігер демі қысылған сәтте, көз алдына өлім елестегенін айтады. 1 айдан соң аяққа тұрған ол індетпен белсене күресуді шешкен.

«1 ай жатқан кезде көп жерде белгілі дәрігер тапшылығы болды. Өзіміз ауруханадан шыққаннан кейін дәрігер ретінде бел будық. Осы халық ел індетпен күресіп жатқанда, біздер қалай қарап тұрамыз. Күні-түні келіп жатқан науқастар сансыз бір уақыттың ішінде 7-8 жедел жәрдем әкеледі. Жедел жәрдем әкелген кезде, біріншіден, ауыр науқастарды бағалауымыз керек. Ауыр науқастар жан сақтау бөліміне көшірілді. Науқастардың ентікпесін қарасаң, жөтелгенін қарасаң, жүрегің ауыратын кездер болды. Көзімізге жас алып шығатынбыз», – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дәулет Чукманов.

Сынық-жарақат дәрігері Нұржан Нұралы да қауіпті дертті бастан өткергендердің бірі. Ол да қиын сәтті еске түсіргісі жоқ. Өйткені 4 бала бағып отырған әке ұзақ уақыт отбасынан жырақта жүруге тура келді. Өзі де төсекке танылып, кейін аман-есен сауыққан күннің ертесі жұмысқа шықты. Сөзінше, бастысы дәрігерге елдің амандығы керек болды.



«Бар-күшімізді салып емдедік. Өте қиын болды және де халқыма айтарым санитарлық-эпидемиологиялық шараларды жалпы сақтана жүріп, адам көп жиналатын жерлерге бармай, масканы киіп, қауіпсіздік шараларының бәрін қолданған өте дұрыс. Дене қызуымыз көтерілді. Жедел түрде анализ тапсырып, өкпемізді рентгенге түсірдік. Ренгтенде екі жақты полисегментарлы пневмания анықтап, жедел түрде ем қабылдадық», – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы травматология бөлімінің аға ординаторы Нұржан Нұралы.

Қазақстанда тамыз айындағы мәлімет бойынша 8 мыңнан аса медициналық қызметкер коронавирус жұқтырған. Ең көп шалдыққандар Алматыда тіркеліпті.

Жадыра Омаржан, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы