Ресейден келген дәрігерлер Алматы облысы ауруханаларын аралап қайтты

21.07.2020 в 03:31

Көмекке жеткен медициналық қызметкерлер емделу алгоритмімен танысты

Ресейден келген дәрігерлер Алматы облысы ауруханаларын аралап қайтты. 20-дан аса көрші елдің ақ халаттылары Алматы маңындағы Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ,Талғар аудандарында болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сапар барысында короновирус және пневмониямен күресіп жатқан отандық дәрігерлерге консультация берді, практикалық тәжірибесін бөлісті. Көмекке жеткен медициналық қызметкерлер науқастар жатқан қауіпті аймаққа кіріп, жағдайымен танысып, емделу алгоритмін көрді.

«328 адам провизорлық аураханада жатыр. Жұқпалы ауруханасында 45 науқас емделіп жатыр. Әріптестер тәжірибеcін бөлісті. Кеңестерінің бәрі орынды. Телефон нөмірлерімізбен алмастық. Енді жиі байланыста боламыз», – деді  Қарасай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Мәулен Малғаждаров.

Тәжірибесін бөлісуге келгендер елдегі медицина қызметкерлерінің жұмысына оң баға берді. Ауданның бас дәрігері мен жауаптыларға ковидпен күрестегі негізгі алгоритмді қайта пысықтауға ұсыныс айтты.

«Мәскеулік дәрігерлерге қарағанда сіздердің ерекшеліктеріңіз бар. Өйткені мұнда халықаралық тәжірибе қолданылып жатыр. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіне кеңесімізді береміз. Бірақ әріптестер дұрыс бағытта жүріп келе жатыр. Сондықтан бағытымыз бір. Тез арада бұл індеттен құтыламыз деген ойдамын», – деді  хирург-дәрігер (Ресей) Руслан Майер.