Коронавирустың екінші толқынынан қалай сақтанамыз

22.10.2020 в 03:37

Әлемде коронавирустың екінші толқыны басталғаны белгілі

Әлемде коронавирустың екінші толқыны басталғаны белгілі. COVID-19-дан сақтану үшін не істеу керек? Бұл туралы Almaty.tv студиясында «Телемедицина» бағдарламасының жүргізушісі Аяулым Көлжігіт айтып береді.

COVID-19 белгілері байқалмағанымен, айналамыздағы адамдарға қауіпті болуы мүмкін. Ендеше келесі қарапайым кеңестерді ескере жүрейік.

Коронавирустық белгі байқалмағанымен, ПТР оң нәтиже көрсеткен жағдайда міндетті түрде 14 күнге оқшауланғаныңыз дұрыс. Кейде коронавирус жұқтырғанымен еш белгісі байқалмауы да мүмкін. Басы ауырып, буыны қақсамайды. Тіпті, тершеңдік, әлсіздік, іштің өтуі мен жөтел де болмайды. Ал, осы санаттағы науқастар үйде отырғанда не істеуі қажет? Алдымен, жалғыз өзі бір бөлмеде бөлек тұрғаны абзал, ауаны тазартып отыру керек. Тазалық сақтап, еденді сабынды сумен жуып отыру керек. Сондай-ақ, жеке ыдыс-аяқ қолданып, отбасы мүшелерімен қарым-қатынаста масканы мүлдем шешпеген дұрыс.

Ал, коронавирустан қалай сақтануға болады? Алдымен, вирус жұғуы мүмкін жерлерден қорғаныңыз. Жиі қол жуып, қоғамдық орындарда медициналық бетперде тағу қажет. 2 метр алшақтық сақтап, санитариялық талаптарды да ұмытпаған жөн. Ең бастысы, денсаулығыңызға қамқор болыңыз. Күнделікті екі мәрте дене қызуыңызды өлшеп, спортпен айналысыңыздар. Дұрыс тамақтанып, дәруменге бай тағам пайдаланғаныңыз абзал. Өмір, сөз өзіңде!

Графика-1

COVID-19-ды жұқтырған, бірақ симптомдық белгілері жоқ науқастар:

1 . Денсаулық жағдайына шағым жоқ

2 . Бас ауырмайды

3 . Жөтел жоқ

4 . Тыныс алу бірқалыпты

5 . Әлсіздік жоқ

6 . Тершеңдік жоқ

7 . Іш өтпейді

8 . Буын ауырмайды

Графика-2

Коронавирус жұқтырған науқастар үй жағдайында не істеуі керек?

1. Жалғыз өзі 1 бөлмеге оқшаулануы қажет;

2. Бөлме ішін күніне 2 рет желдетіп, тазалау қажет;

3. Жеке ыдыс-аяқ болуы қажет;

4. Медициналық бетперде кию қажет;

5. Дене қызуын күніне 3 мезгіл өлшеу қажет;

6. Жиі қайнаған су ішу керек;

7. Тамақты қайнаған сумен жиі шаю қажет;

8. Ешқандай ем қабылдауға болмайды.

Графика-3

Коронавирустан сақтану жолдары:

1. Қолды сабынмен және сумен кемінде 20 секунд немесе құрамында спирті бар антисептикпен жиі жуыңыз.

2. Жөтелген немесе түшкірген кезде ауыз бен мұрынды қолмен немес арнайы шүберекпен жабыңыз.

3. Қоғамдық орындарға бармаңыз.

4. Қорғаныш құралдарынсыз (медициналық бетперде, қолғап) ауру белгілері бар адамдармен байланысқа түспеңіз.

5. Қоғамдық орындарда 2 метр арақашықтықты сақтаңыз.

6. Үй жағдайында, тазалық шараларын жиі жасауды ұмытпаңыз.

Графика-4

Өзіңізге қамқор болыңыз:

1. Күніне екі рет қызуыңызды өлшеңіз.

2. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз

3. Құнарлы тамақтаныңыз

4. Иммундық жүйені нығайтатын дәрумендерді қабылдаңыз