Отандық вакцина осыған дейін 2-кезеңдік зерттеуден өткен
Осы күні жаһан жұрты түрлі шектеу шараларын енгізіп, аурумен қолдан келгенше күресіп жатыр. Санитарлық талаптар, маскалық режим мен әлеуметтік арақашықтық. Әзірге кеселдің жолын кесудің жалғыз жолы осы болып тұр. Қазір әлем елдері вакцина өндіріп, оны зерттеп жатыр. Өткен аптаның басында қазақстанда жасалған екпенің 3-кезеңі басталған еді. Препаратты салдырғандарға тіпті қомақты қаражат та берілді. Жалпы COVID-19-ға қарсы шығарылып жатқан вакцина туралы азаматтардың пікірі қандай? Иммунологтар не дейді? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек толығырақ тарқатсын.
Отандық вакцина осыған дейін 2-кезеңдік зерттеуден өткен. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының хабарлауынша екеуінде де 96 пайыздық тиімділікті көрсеткен. Соңғы 3-фазада вакцина еріктілерге салынды. Зерттеу жұмысына қатысып, екпе ектіргендерге 200 мың теңге көлемінде ақша да беріліп жатыр. Жоспар бойынша 3 мың еріктіге вакцина салынуы керек.
«Ерікті адам хаттамада түгел жазылған болады. Ол протокол зерттеу дейді, былайша айтқанда. Зерттеу хаттамасы. Сол зерттеу хаттамасында көрсетіледі. 6 ай бойы бақылауда болады. 6 айдың ішінде ол неше рет келіп, зерттеу өту керек екені, қан тапсыру керек екені бәрі сол хаттамада жазылады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры Гүлназ Нұрсұлтанқызы.
Қазковид-Ин атты вакцинаны отандық мамандар жасаған. Сондай-ақ, Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру басталған еді. Сонымен қатар, еліміздің денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов американдық Pfizer компаниясы Қазақстанға вакцина жеткізе бастауы мүмкін екендігін де айтқан.
Әлем елдері коронавирусқа қарсы вакцинаны жарыса өндіріп жатыр. Тіпті, кейбір мемлекеттер оны ресми түрде бекітіп, азаматтарына егуде. Ал, Алматылықтар ше? COVID-19-ға қарсы вакцинаны салуға дайын ба? Оны өздерінен сұрап білейік.
«Тиімділігін көрсетсе және әр адамға көмектесіп, көмек жағынан пайызы жоғары болса, еккізуге тура келеді», – деді қала тұрғыны Саян Ермекбай.
«Дүниежүзінде ешбір елде вакцина салдыру нақты нәтиже беріп тұрған жоқ. Соған байланысты адам өмірін қауіпке төндіріп қажеті жоқ», – деді қала тұрғыны Серік Мұхаметұлы.
Азаматтардың вакцинаға қатысты пікірі сан алуан. Көбісі екпеден қорқатындарын айтады. Ал, иммунолог мамандардың сөзінше препараттан үрейленудің қажеті жоқ. Бұл тек иммунитетті оятатын өлі вакцина. Індеттің жолын кесуде вакцина шығарудың маңызы зор, дейді Алмаз Шарманов.
«Жалпы вакцинация – адамдар арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға септеседі. Бұл індеттің таралуын алдын алатын бірден-бір құрал. Егер нақты екпе табылса, кеселдің жолы кесіледі. Аурудың адамнан адамға жұғуы бәсеңдейді», – деді иммунолог Алмаз Шарманов.
Иә, маман айтпақшы, вакцина ресми енгізілгенше, санитарлық талаптарды сақтап, маска мен әлеуметтік арақашықтықты ұстанып жүрген абзал. Егер отандық ҚАЗКОВИД-Ин екпесі 100 пайыз тиімділігін көрсетсе, жаппай егу басталады. Ол алдымен әлеуметтік осал тобына жататын жандарға, медицина қызметкерлеріне және құқық қорғау органдарында еңбек ететін адамдарға салынбақ.
Өмір Әнуарбек, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы