Тамыз айынан бері 40 науқас оңалып шықты
Алматыда коронавирустан айыққандарға оңалту орталықтары белсенді көмек көрсетіп жатыр. Бүгінде бір ғана қалалық студенттер емханасының ішінен ашылған орталықта тамыз айынан бері 40 науқас оңалып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазіргі таңда он адам дәрігерлердің бақылауында. Медициналық оңалту – ауырып шыққан науқасты қалпына келтіруге көмектеседі дейді ақ халаттылар. Кешенді шараға емдік шаралардан бөлек, дене шынықтыру, тыныс алу жаттығулары және сәулелі терапия кіреді. Сондай-ақ, әбден бойын қорқыныш билеген науқастарға психологиялық көмек көрсетіледі.
«Ентікпесі кетпеген пациенттер демала алмағандықтан, қорқыныш пайда болған. Соны жоюдың эффектілігін бақылаймыз. Эффективті өтіп жатыр деп ойлаймын. Өйткені пациенттер өздерінің алғысын айтып кетіп жатыр. Емдік шаралар ауырлық дәрежесіне қарай бөлінеді. Бұл амбулаторлық емдеу орталығы болғандықтан, пациенттер емдік шараларын алып, қайтадан үйіне қайтады», – деді «Қалалық студенттер емханасы» сауықтыру орталығының меңгерушісі Ақмарал Жарымбетова
Коронавирустан айыққандарға сауықтыру шарасы бас-аяғы 1 сағат жасалады. Әсіресе, басты назар – демді ретке келтіруге бағытталған. Сондықтан сауықтыру орталығында мамандар тыныс алу гимнастикасын үйретеді. Өйткені жаттығулар өкпенің қалыпты жұмыс істеп, организмді оттегімен қанықтырады. Мұндай ем алу үшін емханаға тіркелген және қаладағы басқа да сауықтыру бөлімі жоқ мекемелерден науқастар келе алады.
«Егер реабилитация орталығы болмаса, жіберуге мүмкіндігі бар. Сондықтан коронавируспен ауырған науқастарға толығымен реабилитация қолжетімді. Элеткрофарез, УВЧ,яғни физиоемдеу, яғни емдік түрлері олар науқастың шағымына қарай тағайындалады», – деді «Қалалық студенттер емханасы» сауықтыру орталығының меңгерушісі Ақмарал Жарымбетова