Үкіметтің селекторлық отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді
Елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Карантин талабы күшейтілген 3 апта ішінде ауырғандар саны 29 пайызға төмендеген. Ол туралы Үкіметтің селекторлық отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Оның сөзінше, медицина ұйымдарының жүктемесі біршама азайды. Ал, COVID-19-дан сауығып кеткендердің саны 63 пайыздан асқан. Жағымды жаңалықтан кейін карантин режимі жеңілдетіле ме? Қандай нысандар жұмысына рұқсат етіледі? Almaty.tv тілшісі әріптесім Асылбек Тойбек айтсын.
Қазір көптің көкейінде қашан қалыпты өмірге қайта ораламыз деген сұрақ бар. Бір қуантарлығы, елімізде COVID-19-дан сауығып кеткендердің саны 63%-дан асты. Ауру жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 1,7%-ға дейін азайды. Ал, стационарлардағы орындардың жүктемесі 46%-ға дейін, жедел жәрдемді шақыртулар саны 38%-ға төмендеген. Алайда Денсаулық сақтау министрі медициналық көмектің сапасы мен эпидемиологиялық ахуалды жақсарту бағытында қабылданған шаралардың тек 30 пайызы жағдайдың тұрақтануына сеп болатынын айтты. Ал қалған 70 пайызы қоғамның өз қолында екенін жеткізді.
«Бүгінде барлық қазақстандық қоғамға қауіпсіздік пен салауатты өмір дағдысы қалыптасуы үшін барлық шараларды қолдану керек. Ол үшін ары қарай да маскалық режим мен гигиенаны, әлеуметтік арақашықтықты сақтау жалғасқан дұрыс. Түзде жүргенде маска кию инфекция жұғу қаупін 30 пайызға азайтатыны белгілі. Бұл ретте бірінші кезекте, бизнестің бақылауы мен жауапкершілігі күшеюі тиіс. Екіншіден, барлық қоғамдық орындарда санитайзерлер болуы керек», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Үкімет отырысында аймақ әкімдері ахуалды баяндады. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуы бойынша, шаһардағы эпидемиологиялық ахуал кешенді түрде тұрақтанған. Мегаполисте коронавирус жұқтырғандар саны 2,2 пайызға төмендеді. Пневмония және COVID-19 күдігімен жедел жәрдем шақыру 4 есеге азайған. Стационарларға жатқызылатын адамдар мен емханаға жүгінушілер саны 2 есеге кеміген.
Бүгінгі күні індетпен күреске 27 медициналық ұйым жұмылдырылған. Жалпы төсек қоры 6 096 орын. Төсек орындардың бос болмауы 90 пайыздан 50 пайызға дейін азайған. Қалада пандемиямен күресу және оның жаңа толқынына дайындық жұмысы қызу жүргізіліп жатыр деді қала басшысы.
«Пандемияның екінші толқынына дайындық шеңберінде жағдайы ауыр науқастарға арналған бірінші эшелон стационарларындағы инфекциялық төсек орындарын 1015 орынға көбейтеміз. Тамыз айының соңына дейін 500 орынға арналған жаңа көппрофильді госпиталь пайдалануға беріледі. Қыркүйектің ортасына дейін 300 төсек-орынға арналған тез салынатын тағы бір модульдік инфекциялық госпитальды іске қосамыз. Келесі аптаның басында құрылыс алаңына шығамыз. 1 қазанға дейін екі қонақ үйдің базасында жеке инвестициялар есебінен 215 төсек-орындық толыққанды ковидтік емханалар құрылатын болады. Тамыздың соңына дейін патологоанатомиялық бюро іске қосылады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бүгінгі күнге Алматы қаласында 394 мың ПТР зерттеу жүргізілген. Ал зертханалардың тәуліктік қуаты 9 мың 550 зерттеуді құрайды, деді Бақытжан Сағынтаев. Алдағы күндері оның қуаттылығы тәулігіне 19 950 зерттеуге дейін жеткізіледі деп көзделуде. Бұдан бөлек шаһарда 2,8 млн. препарат қоры құрылғаны белгілі болды.
«Медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, жеке қорғану құралдарын сатып алуға жергілікті бюджеттен 68,5 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бойынша Тұрақтандыру қоры құрылды. Оған 10 млрд теңге бөлінді. 94 түрлі препараттардың қоры жасалуда», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен 3-тамыздан бастап елімізде карантин талаптарын жеңілдету жоспарлануда. Алайда нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режим сақталып, маска кию мен әлеуметтік қашықтықты сақтау тәртібі орындалуы керек.
«Атап айтқанда, осындай шарттар орындалған жағдайда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, уақыты мен күні шектеулі тәртіпте сауда желілері, жабық азық-түлік нысандары мен азық-түлік сатпайтын базарлар ашылады. Сондай-ақ, балалардың коррекция кабинеті, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, топтық үйірмелер бес баладан асырмай жұмысын бастайды. Балалардың мектепке дейінгі мекемелеріне де кезекші топ режимінде жұмыс істеуге рұқсат. Сән-салондары, шаштараздар, косметикалық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар (алдын ала жазылу бойынша) да ашылады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Дегенмен, 3 тамыздан кейін бірқатар шаралар мен нысандарға қойылған шектеулер күшінде қалады. Атап айтар болсақ, жаппай жиналатын бұқаралық шараларды өткізуге, көңіл көтеретін мекемелерге, кинотеатрлар мен фудкорттарға, банкет залдарының жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Мейрамханалар мен барлар, түнгі және ойын клубтары да әзірге жұмысын бастамайды. Мәдениет нысандары, музейлер жабық болады. Конференциялар мен көрмелер, форумдар өткізілмейді. Спорт залдардың, фитнес-орталықтардың, бассейндер мен аквапарк жағажайларының, діни нысандардың жұмысы басталмайды. Жолаушылар пойызы мен қала арасындағы автобустардың қозғалысы жанданбайды
«Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі жақсартуымыз қажет. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі карантиндік шараларды біртіндеп алу жоспарын ұсынып отыр. Ағымдағы жағдайды және осы айдың қорытындысын ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның отырысында бұл жоспар қарастырылып, тиісті шешім қабылданатын болады», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Сондай-ақ, халықтың көшеде жүруіне қатысты талаптар сақталатынын айта кетейік. Яғни, саябақтарға, скверлерге және жағалауға барғанда 3 адамнан артық топтасуға болмайды. Қоғамдық көліктің жұмысы уақыт пен жолаушылар санын 50% шектей отырып, маскалық, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауды және кондукторлардың болуын міндеттеу арқылы қайта жанданады.
Асылбек Тойбек
1-ГРАФИКА
- COVID-19-дан сауығып кеткендер 63%-дан асты;
- Ауру жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 1,7%-ға дейін азайды;
- Стационарлардағы орындардың жүктемесі 46%-ға төмендеді;
- Жедел жәрдемді шақыртулар саны 38%-ға төмендеді.
2-ГРАФИКА
- Коронавирус жұқтырғандар саны 2,2 пайызға төмендеді;
- Жедел жәрдем шақыру 4 есеге азайды;
- Стационарларда адамдар саны 2 есеге кеміді;
- Емханаға жүгінушілер 2 есеге төмендеді.
3-ГРАФИКА
- Коронаивруспен күреске 27 медициналық ұйым;
- Жалпы төсек қоры - 6 096 орын;
- Төсек орындардың бос болмауы 90 пайыздан 50 пайызға дейін азайды.