Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мониторингтік топтар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басты міндет – карантиндік шараларды бұзу фактілерін, атап айтқанда, жаппай жұқтыруға әкелуі мүмкін адамдар көп жиналатын іс-шараларды жедел анықтау және жолын кесу. Қазіргі уақытта қала бойынша 32 мониторингтік топ жұмыс істейді.
Айта кету керек, Алматы қаласы эпидемиологиялық жағдай бойынша "қызыл аймақта" орналасқан. Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректері бойынша, соңғы 7 күнде сырқаттанушылық көрсеткіші R-1,3 репродуктивті санында 61,2 құрады. Соңғы тәулікте коронавирустық инфекцияны жұқтырған 293 адам тіркелді.
Инфекция жұқтырудың ықтимал орындары:
1) қоғамдық орындарға бару – 37%;
2) қоғамдық көлікте жол жүру кезінде – 17%;
3) отбасылық іс – шаралар-3%.
Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындарын мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тартуға шақырады. Әсіресе, 65 жастан асқан адамдарға үйлерінен шықпау ұсынылады. Сондай-ақ, ата-аналар балалардың эпидемияға қарсы шараларды сақтауын бақылауды күшейтуі керек. Барлық қала тұрғындары бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек.
Кәсіпкерлік субъектілері санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуі, белгіленген жұмыс режимін сақтауы қажет. Естеріңізге сала кетейік, анықталған бұзушылық фактілері бойынша мекеме иелері ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілетін болады. Заң бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда заңды тұлғалар ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралады. Осы баптың санкциясы қызметті тоқтатуды қарастырады.