Полиция қызметкерлері күдіктілердің облыс аумағындағы басқа да қылмысқа қатыстылығын тексеріп жатыр
Қызылорда облысында мал ұрлығымен айналысқан 24-30 жастағы қылмыстық топ мүшелері далада жайылып жүрген жерінен 9 түйені атып, сойып алып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қызылорда облысы полиция департаменті және Қазалы аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері түйе ұрлаған күдіктілерді қолға түсірді. Биыл ақпанда Әйтеке би кентінің тұрғындарынан арыз түсті. Онда түйе малы қолды болғаны айтылған.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Соның нәтижесінде қаншама малды қолды еткен ұрыларды анықтады.
«Тексеру барысында олардың 9 түйені далада жайылып жүрген жерінен атып, сойып алып кеткені белгілі болды. Қылмысқа күдікті ретінде 24-30 жастағы азаматтар ұсталып, бөлімнің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айғақ зат ретінде аңшы мылтығы мен оның патроны, пышақтар, мал терісі алынды. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Полиция қызметкерлері күдіктілердің облыс аумағындағы басқа да қылмысқа қатыстылығын тексеріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында ит талаған малдың өлексесі көбейді