Талдықорғанда ерлі-зайыптыға оқ атқан 24 жастағы жігіт ұсталды

10.06.2022 13:48

Қазір зардап шеккен ерлі-зайыпты ауруханада жатыр

©Shutterstock / Fotodom

Қару қолданып, ерлі-зайыптыны жаралады деген 24 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 8 маусымда Ескелді ауданының Қоңыр ауылында болды. Жас жігіт 34 жастағы жергілікті тұрғын және оның әйелімен жанжалдасып, ұрыс соңы төбелеске ұласқан.

Күдікті ерлі-зайыптыға 12 калибрлі аңшылық мылтықтан оқ атқан.

Оның Mitsubishi Pajero көлігінде қару алып жүргені анықталды. Зардап шеккендер Талдықорған ауруханаларының біріне жатқызылды.

Жанжалға себеп күдіктінің ауыл көшесінде көлікпен жоғары жылдамдықпен жүріп, шаңды көтергені белгілі болды. Бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды.

Оған ескерту жасалғанымен, ол жауап ретінде жанжал шығарып, атыс қаруын қолданған.

"34 жастағы ер адам мен 31 жастағы әйел жарақат алды. Екеуі де ауруханаға жеткізілді. Қылмыстық тергеу қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша 24-бабын қолдана отырып жүргізілуде. Яғни "адам өлтіруге оқталу", - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері күдіктінің бұған дейін ұрлық үшін үш рет істі болғанын айтты. Факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды.

Аңшылық мылтық тәркіленіп, заттай дәлел ретінде қылмыстық іс материалдарына қосылды.

Теги: оқ ату