Бұған дейін басбұзар ұсақ тәртіп бұзушылықтар үшін бірнеше рет жауапқа тартылған
Алматы облысында 40 жастағы ер адам ұсталды. Ол туған анасын ұрып өлтіргені үшін айыпталып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, сәуірдің 25-сінен 26-сына қараған түні Алакөл аудандық ауруханасына Бұлақты ауылынан 62 жастағы зейнеткер жеткізілді. Дене жарақатты көп болды. Кейуананы біреу асқан қатыгездікпен өлімші етіп сабаған.
Полицейлер осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен марқұмның 40 жастағы ұлын ұстады.
"Үйде жанжал болған. Сол кезде күдікті мас күйінде өгей әкесін және туған анасын соққыға жыққан. Зейнеткер әйел ауыр жарақат алып, содан қайтыс болды. Ұлы қамауға алынды", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Сотта күдіктінің кінәсі дәлелденсе, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Бұған дейін басбұзар ұсақ тәртіп бұзушылықтар үшін бірнеше рет жауапқа тартылған болатын.