ІІМ есірткі қылмысымен күресте жаңа әдістер қолданып жатыр

28.09.2023 13:50

Жаңа әдіс бойынша полицейлер арасында семинар-тренинг өтеді

Polisia.kz

ІІМ есірткі қылмысымен күресте жаңа әдістер қолданып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ақпараттық-коммуникациялық жүйелердің дамуымен қылмыс түрлері де өзгерді. Оларды анықтап, ашу үшін полицияның жедел қызметтерінен жаңа тәсілдер талап етіледі. Ғаламтор кеңістігінде есірткі қылмыстарын анықтаудың тиімділігін арттыру үшін Ішкі істер министрлігі қазақстандық компаниялардың бірімен заманауи аппараттық-бағдарламалық кешендер мен ілеспе техникалық жабдықтарды сатып алуға шарт жасасты. 

Қыркүйекте техниканы қызметте пайдалану бойынша полицейлер арасында семинар-тренинг өткізілді. Сондай-ақ әрбір өңірге бір жұмыс станциясы берілді. Есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімшелерінен 21 ІТ-маман оқытылды. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, аппараттық-бағдарламалық кешендер Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде бөлінген қаржыландыру есебінен сатып алынды. 

Бағдарламалық кешендердің қуаты ақпараттың едәуір көлемін өңдеуге және есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар адамдар арасындағы тікелей және жасырын байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері есірткіні жарнамалау фактілері бойынша 51 сотқа дейінгі іс жүргізуді, есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін 288 қылмыстық істі тіркеді.

Есірткі тарататын 1,5 мың сайт бұғатталды. Еліміздегі танымал хабарландырулар ресурсында есірткіні насихаттайтын 1179 жазба мен психоактивті заттарды тарату бойынша курьерлік жұмыс ұсыныстары анықталды. Сол сайттың басшылығымен жасалған келісім негізінде бұл жарнамалар жойылды.

Оқи отырыңыз: Үкіметте «G4 City» жобасын іске асыру мәселесі талқыланды