Осы факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды
Ұлытау облысында полиция қызметкерлері Жезқазған - Қызылорда трассасында 46 жастағы жүргізуші мінген Kia Cerato автокөлігін тоқтатып, 15 келі марихуананы тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Көлікте 30 және 41 жастағы екі ер адам болған. Салонды тексеру кезінде 30 жастағы жолаушыға тиесілі сөмке тәркіленді, оның ішінде ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік заттары бар төрт полиэтилен қапшық табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттар салмағы шамамен 15 келі марихуана болып шықты.
Сонымен қатар көлік салонында 41 жастағы жолаушыға тиесілі, болжам бойынша киік етіне ұқсас ет тәркіленді.
Осы факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы және қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.