Шудағы арнайы операция: полицейлер арасында қайтыс болғандар бар

20.10.2020 14:09

Жараланғандардың бірі ауруханаға жеткізілсе, тағы бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды

Polisia.kz

Жамбыл облысында жүргізілген арнайы операция кезінде полиция өкілдеріне қарсы оқ атылып, бір адам қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Көліктегі полиция департаментінің Шоқпар станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері есірткі тасымалымен айналысады деген күдікке ілінген.

Өзіндік қауіпсіздік қызметіне полиция өкілдерінің есірткі жинап, оларды сату үшін Құмөзек аймағына баруы жоспарланып отыр деген ақпарат түскендіктен, арнайы мақсаттағы бөлім қызметкерлерімен бірлесе операция жүргізеді. Сондықтан да күдіктілердің жолын бөгеу үшін Шу – Тараз тас жолын жауып, олар мінген көлікті тоқтатуға әрекет жасалған.

Алайда, атыс қаруымен қаруланған үш күдікті жол талғамайтын көлікпен жоғары жылдамдықпен келіп, арнайы жасақ қызметкерін қағып өтіп, оқиға орнынан жасырынуға тырысады. Сондай-ақ, олар өз әріптестерінің ескертулеріне құлақ аспаған соң, қуғыншылар көлік құралын тоқтату үшін қару қолдануға мәжбүр болған.

«Үш күдіктінің екеуі атыс қаруынан жарақат алып, біреуі медициналық мекемеде көз жұмды. Жараланғандардың бірі ауруханаға жеткізілсе, тағы бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ақпаратта.

Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 297, 345, 362-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу мүдделеріне сәйкес өзге ақпарат жарияланбады.