Қайғылы оқиға 3 тамызда болған
Ақтау тұрғыны полиция қызметкерін пышақтап өлтірді. Қайғылы оқиға 3 тамызда болған. Маңғыстау облысының полиция департаменті қызметкердің қаза тапқанын растады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Qazaq.Today сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, Ақтаудағы 17-шағынауданда полиция қызметкері пышақталған. Ол ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болды.
Полиция департаменті бұл фактіні растады.
"Басқарма сағат 03:50-де кезекші бөлімшеге 17-шағынаудандағы үйдің ауласынан мойын тұсынан пышақ жарақатын алған 26 жастағы жігітті жедел жәрдеммен Маңғыстау облыстық ауруханасына алып кеткені туралы ақпарат түскенін хабарлады. Ол есін жимай, жансақтау бөлімінде көз жұмды", - делінген хабарламада.
Марқұм полиция қызметкері, еңбек демалысында болған.
Жедел іздестіру шаралары барысында 27 жастағы күдікті анықталып, ұсталды.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен (Адам өлтіру) Ақтау қалалық ІІБ-нің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне (СЖБ) тіркелді.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.