Алматы қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы тұрақты табысым жоқ деген желеумен екі баласына бес жыл бойы алимент төлемей келген жергілікті тұрғынға үкім шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алимент төлемеу фактісі бойынша Алматы қаласы полиция департаменті анықтау басқармасының тергеушілері сотқа дейінгі тергеу жүргізді.
Департамент бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановтың айтуынша, тергеу барысында алматылық бірнеше жыл бойы кішкентай балаларына әдейі алимент төлемегені дәлелденген.
"Ер адам ресми табысым жоқ деп ақталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күдіктінің бейресми кірісі болғаны анықталды, ол алиментті қасақана төлемеген. Ер адамның өз балаларына берешегі 5 миллион 144 мың 362 теңгеге жеткен. Сот үкімімен ол сот залында қамауға алынды", - деді Әбдірахманов.
Үкімге сәйкес, алимент төлеуден жалтарған азамат бір жылға бас бостандығынан айырылды. Борышкер әке сот залында қамауға алынды.