Бөлімшенің директоры мен кассирі сөз байласқан
Степногорде 255 млн теңгені жымқырған банк филиалының директоры мен кассирі сотталды. Олардың әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Ақмола облысы соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Степногор қаласындағы екінші деңгейдегі банк бөлімшесінің директоры мен кассирі сөз байласып, банк ақшасын жымқырып, аса ірі мөлшерде материалдық шығын келтірген.
- 2022 жылдың қараша-желтоқсан айлары ішінде кассир директордың нұсқауы бойынша 1 млн, 3 млн, 8 млн теңге ақша сомаларын банктің қоймасынан алып, директорға тұрақты түрде беріп отырған. Банк директоры ақшаға арналған пакеттер мен сөмкені алдын ала кассирге дайындап, содан кейін оны банк ғимаратынан шығарып отырған. Тексеру актісі көрсеткендей, банк бөлімшесінде жетіспеушілік сомасы 255 млн астам теңге құраған, - деді ведомстводан.
Сотталушылардың кінәсі тексеру актісімен, аудиторлық есеппен, ақшаның жетіспеуі туралы сараптама қорытындысымен, куәгерлердің айғақтарымен, сотталушылардың өздері мойындаған айғақтарымен, банктің бейнебақылау камераларынан жазбалармен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Осылайша, банк директоры мен кассирі сөз байласып, қызметтік бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде ақша жымқырды (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-бөлімшесі).
- Жаза тағайындау кезінде сот, банк директорының өз кінәсін мойындағаны, кассирдің жасы мен оң сипаттағы мінездемесін жеңілдететін жағдайлар деп және ауырлататын жағдайлардың болмауын есепке алды. Сот үкімімен әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сотталушылар ұйымдар мен мекемелерде 5 жылға материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Келтірілген залалды өндіріп алу бөлігінде жәбірленушіге сотқа азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жүгіну құқығы түсіндірілді, - деп толықтырды ведомстводан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, үкімді жариялау бойынша сот отырысына банк филиалының қызметкерлері шақырылды.
Оқи отырыңыз: Жол апаты: мопед пен көлік соғысты