Синтетика жасауға арналған 72 тонна прекурсор тәркіленді

24.03.2023 20:27

Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр

polisia.kz

Қазақстанда есірткі дайындау үшін елге прекурсорлар жеткізуді жолға қойған трансұлттық қылмыстық топ ұсталды, - деп хабарлайды Almaty.tv.

ІІМ арнайы операцияны бірнеше ай бойы жүргізіп, 21 наурыз күні Алматыда осы іс бойынша көршілес елдің 2 азаматы мен 1 қазақстандық ұсталған. Олардан әртүрлі салмақта мефедрон, шетелдік полиция қызметкерінің жалған куәлігі, зип-пакеттер мен электронды таразылар және Калашников автоматының 7,62 мм калибрлі патрондары тәркіленді. Қоймаларды тінту барысында синтетикалық есірткілерді дайындау үшін қолданылатын прекурсорлар, сондай-ақ 2 реакторды, яғни синтетикалық есірткілерді дайындауға арналған арнайы зертханалық жабдықтар анықталған.

«Тәркіленген прекурсорлардың жалпы көлемі – 72,7 тонна. 8 тонна синтетикалық есірткі өндіруге жол берілмеді. Бұл – 8 миллион бір реттік доза. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. ІІМ синтетикалық өндіріс өндірілгенге дейін прекусорларды жою жұмысын жалғастырып жатыр», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.