Мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған: дәрігер өз пәтерінде азаппен өлтірілді

24.04.2024 14:31

Қайғылы оқиға жайлы жаңа деректер анықталды

elements.envato.com

Ақтөбеде 22 сәуір таңғы уақытта өзі тұрып жатқан пәтерде пышақ жарақатынан көз жұмған әйелдің өліміне қатысты тың дерек шықты. Марқұм Мөлдір Томарова қаладағы медицина орталықтарының бірінде дәрігер болып қызмет еткен. Оның көршілері қанды оқиға туралы көрген-білгенін айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі halyq-uni.kz-ке сілтеме жасап. 

Ақтөбе қалалық полиция департаментінің өкілдері 22 сәуірде 34 жастағы әйел танысының қолынан көз жұмғанын мәлім еткен болатын. Қанды оқиға туралы полицияға марқұмның көршілері хабарлаған.

Оқиға болған үйдің тұрғыны жатын киімімен жүрген қызды дәлізде шашынан сүйреген ер адамды көргенін айтты.

- Полицияға мен хабарластым. Ол кезде сағат таңғы 5:02 уақытты көрсетіп тұрды. Қыздың жан дауысы шығып жатты. Қарсы есіктен де көршіміз шықты. Полиция 15 минуттан кейін, ТЖД қызметкерлері 40 минут шамасында келді. Үйдің есігі бір сағат айналасында ашылды. Тірі деп ойладым. Көмектесу үшін жүгіріп бардым. Бірақ қыздың кеуде тұсы қан екен. Жұқа жатын киімімен жатты. Бәрі көз алдымда болғандықтан өзім де қиналып жүрмін. Көмек уақытында болса, қыз аман қалар ма еді. Осыған дейін де ол қыздың түнде дәлізде жылап отырғанын көргенмін. Бірақ ол кезде үйіне кіріп кетті. Қасындағы көршілеріне «біреу гүл әкеліп берсе алмаңдар, полицияға арыз берсем де қоймайды, қорқамын» деген. Барлық жағдайды тергеушіге баяндадым, сотта да айтып беремін, - дейді марқұмның көршісі.

Оның айтуынша, бұл – мемлекеттік қызметкерлерге арналған үй. Балконы ашық, қауіпсіздік сақталмаған. Тұрғындар кім көрінген кіріп, өлтіріп кетуі мүмкін деп қорқады

Қайғылы оқиға болған үйдің тұрғындары мұндай оқиғаның бұрын болмағанын айтты.

- Балконнан кірген деп естідік. Қыз дәлізге шығып қашқан. Қыз қатты айқайлаған. Мұндай жағдай бұрын болмады. Қорқынышты. Ол қызды қатты танымаймыз. Бірақ ауладан көргенбіз, - дейді марқұмның көршісі Махаббат Жамантайқызы.

Ал марқұмның әріптестері бұл оқиғаны әлеуметтік желіден естіген. Қаладағы жеке медицина орталығы қызметкерлерінің айтуынша, эндокринолог дәрігер жақында ғана еңбек демалысына шыққан.

- Ол кісі бізде 9 жылдан аса жұмыс істеді. Алғашында терапевт болып келді. Кейін резидентураға түсіп, эндокринолог дәрігері болды. Ауруханадағы жауапты жұмыстарды атқарды. Білікті дәрігер еді. Өкінішті. Ол оқиға болған кезде еңбек демалысына шыққан. Қайғылы хабарды әлеуметтік желіден оқыдық. Қиын жағдай. Төбемізден жай түскендей болды. Ертең жаназасы болады. Ақтық сапарға шығарып салуға әріптестер кетті, - дейді Ақтөбе медициналық орталығы өкілдері.

Білікті эндокринолог дәрігердің өліміне қатысты полиция тергеу жүргізіп жатыр. Құзырлы орган күдікті марқұмның көлігіне мініп қашты деген мәліметті растамады.

- Көлік марқұмға тиесілі емес. Жалға алған. Оқиғаны бірінші көршілері хабарлады. Кісі өлтіру фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД-нің баспасөз хатшысы.

Еске сала кетейік, 22 сәуірде Ақтөбеде тұрғын үйлердің бірінен әйел адамның денесі табылды. Марқұмның денесінде көптеген пышақ жарақаты мен зорлық-зомбылықпен өлтіру белгілері болған. Күдікті полиция қызметкерін жарақаттап, оқиға орнынан қашып кетіп, кейін ұсталды.

Оқи отырыңыз: 

Апатты үй: Сарыөзек ауылының жүздеген тұрғыны өмірін қатерге тігіп отыр