Келтірілген залал шамамен 16 миллион теңгеден асады
Жетісу облысында бірқатар алаяқтыққа қатысы бар жатақхана коменданты жазаланады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтық деректері бойынша арыздар Талдықорған полициясына 2022 жылдың қазанында түсе бастаған. Тәртіп сақшылары қылмыс жасады деген күдікпен студенттік жатақханалардың бірінің бұрынғы комендантын ұстады.
Қалалық прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық істі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы ("Алаяқтық") бойынша жүргізілген. Комендант әйел үш банкте және бірнеше микрокредиттік ұйымда тауар-ақшалай кредиттерді алаяқтық жолымен ресімдеген деп күдіктеледі.
"Бүгінде қылмыстық істе 18 жәбірленуші бар, олардың негізгі бөлігі – студенттер. Келтірілген залал шамамен 16 миллион теңгеден асады. Жақын арада сотқа жіберу үшін материалдарды дайындаймыз", – деді Талдықорған ҚП бастығының орынбасары Шыңғыс Нұрахимов.