Қару-жарақпен қоса өсімдік тектес және ұнтақ тәрізді есірткі заттары да табылды
Алматыда жасырын қару-жарақ қоймасы Медеу ауданындағы саяжай алқабынан табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Криминалдық полиция қызметкерлері Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп бетон қоршаудың жанынан 70 метр радиуста қару-жарақ қоймасын тапты.
ҚР ҚК-нің 287-бабымен тергелетін қылмыстық іс материалдарына іс жүргізу тәртібімен 2 Макаров жүйесінің тапаншасы, тегіс ұңғылы мылтық, 512 дана әртүрлі калибрлі патрондар, оның ішінде Калашников автоматына арналған патрондар, 22 дана граната, соның ішінде әскери, сондай-ақ радиостанция тіркелді.
Сонымен қатар жасырылған орыннан өсімдік тектес және ұнтақ тәрізді есірткі заттары табылды.
Қылмыстық іс аясында сот-баллистикалық және сот-химиялық сараптамалар тағайындалды.