Алматыда ескі тоңазытқыштарды сатумен айналысқан алаяқ ұсталды

07.07.2022 15:09

Қазіргі уақытта саудагер уақытша ұстау изоляторында отыр

youla.ru

Алматыда ескі тоңазытқыштарды сатамын деген желеумен тұрғындарды алдап соққан ер адам ұсталды. Алматы полициясы бес алаяқтық дерегін ашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында біздің бөлімшенің қызметкерлері алаяқтық жасаған 19 жастағы күдіктіні ұстады. Барлық қылмыстық іс бір өндіріске біріктіріліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. К. есімді азамат, интернет ресурстарды, сатып алу және сату сайттарын пайдалана отырып, пайдаланылған тоңазытқыштарды сату туралы жалған хабарландырулар қойған. Ер адам тұтынушыларға жабдықтың жақсы жағдайда тұрғанын айтып, алдын ала төлем сұраған. Бағасы 20-50 мың теңге аралығында. Ол бейтаныс адамдардың шотына ақша аударуды сұрап, қолма-қол қаражатты шешіп алып, ақшаны алғаннан кейін телефонын өшіріп немесе бұғаттап қойған», - дейді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дидар Аханов.

Белгілі болғандай, ұсталған азаматтың бұған дейін заңмен ешқандай мәселесі болмаған. Қазіргі уақытта саудагер уақытша ұстау изоляторында отыр. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер осы азаматтың әрекетінен зардап шеккен адамдарды, полицияға 8-707-447-07-50;  8-747-699-70-02 телефон нөмірлері арқылы хабарласуын сұрайды.