Тағы бір адам жансақтау бөлімінде жатыр
Есік қаласындағы атыс кезінде жарақат алып, ауруханаға түскен бір адам қайтыс болды. Тағы бір ер адамның жағдайы өте ауыр. Бұл туралы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Басқарма мәліметіне сәйкес, қайтыс болған ер адамда клиникалық өлім болған, ауруханаға түскеннен бері комадан шықпады. Дәрігерлер шұғыл ота жасаса да, ол алған жарақатынан көз жұмды.
"Иә, 23 шілдеге қараған түні Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына 1992 және 2004 жылы туған екі ер адам жеткізілді. Екеуінің жағдайы өте ауыр болды. Бытыралы оқтан көп жарақат алған. Дәрігерлер шұғыл ота жасады. Бірақ жарақат алғандардың біреуі қайтыс болды", - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Ляйлім Әубәкірова.
Екінші ер адамға интенсивті терапия жасалып жатыр. Ол жансақтау бөлімінде, жағдайы өте ауыр.
Еске салсақ, 22 шілде күні Есік қаласында атыс болды. Алматы облыстық полиция департаменті екі адамның жарақат алғанын растады. Біреуі 18-де, екіншісі – 30 жаста. Тергеушілер атысқа қатысқандарды іздестіруге кірісті.