Павлодарда есірткі жарнамалаған QR-тақтайшалар алынды

27.06.2023 15:47

Смартфон арқылы ескерткіштің тарихымен танысуға мүмкіндік болатын

2gis.kz

Павлодарда жалпы QR-коды бар 280 тақтайша орнатылған болатын. Олардың ішінен есірткі жарнамалаған коды бар тақтайшалар алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінде қалалық мәдени ескерткіштерінде орнатылған ақпараттық тақтайшалардағы QR-код есірткі жарнамалайтын сайтқа сілтеме жасап тұрғаны белгілі болды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының мәліметінше, QR-коды бар тақтайшалардың қолданылуы Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайы мен бір жеке кәсіпкердің қадағалауында болған.

«Мұражаймен және жеке кәсіпкермен шарт 2018 жылы жасалған. Мерзімі бір жылға дейін болды. Қазір барлық тақтайшалар алынып тасталды», – деді басқарамада.

Сондай-ақ ведомствода QR кодтағы ақпаратты және ескерткіштердің тізімін Г. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының сайтына бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, Павлодарда 2018 жылы барлық ескерткішке QR коды бар тақтайшалар қойылды. Смартфон арқылы ескерткіштің тарихымен танысуға мүмкіндік болатын. Ақпарат екі тілде ұсынылған еді.