Қазір күдікті қамауда
Атыраулық қалта ұры шымкенттіктердің 800 мың теңгесін тонап кеткен. Оқиғаны бейнебақылау камералары түсіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына жергілікті тұрғын ұрлық туралы арызбен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, оның телефонын базарда сауда жасап жүргенде ұрлап кеткен.
Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған барлық қажетті шараны қабылдады. Бейнебақылау камераларынан жазбаларды тексеру кезінде жедел уәкілдер қалта ұрлығына күдікті адамды тапты.
Белгілі болғандай, ол қолындағы күртешесімен жәбірленушінің қалтасын жауып, сол жерден смартфонын алып, "ізін суытқан". Тәртіп сақшылары бейнекамера мен куәгерлердің көмегімен ер адамның қозғалыс бағытын қадағалап, оны бірнеше сағат ішінде жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстады. Ол Атырау облысының 41 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында ұсталған адамның қала базарларындағы қалта ұрлығының тағы төрт жайтына қатысы бар екені анықталды. 1,5 айдың ішінде ол шымкенттіктердің жалпы құны 800 мың теңге тұратын телефондарын иемденіп алған.
Сондай-ақ ер адам бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Қазір күдікті қамауда. Тергеушілер жәбірленушілердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.