Топ құрамында 27 және 25 жастағы екі әйел бар
Алматыдағы арнайы іс-шара барысында интернет-алаяқтар тобы ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Топ құрамында 27 және 25 жастағы екі әйел бар. Қылмыстың басқа да сыбайластары – 28 және 33 жастағы ер адамдар.
Айта кетейік, осы күндері Алматыда ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалған құқық бұзушылықпен күресу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған алаяқтыққа қарсы республикалық Anti Fraud іс-шарасы өтіп жатыр. Осы іс-шара аясында 4 адамнан тұратын топ әшкереленді. Бостандық аудандық ПБ-на қарасты полиция бөліміне көмек сұрап жүгінген алматылық тұрғынның арызына сәйкес, күдіктілер алдау және сенімге қиянат жасау арқылы 1,1 млн теңге көлемінде қаражатты иемденіп кеткен.
"Ер адамның ұялы телефонына профилінде әпкесінің суреті бар абоненттен хабарлама келген. Хабарламаны жіберуші оның банктік шотына ақша жіберуді өтінген. Ер адам әпкесінің деректерін пайдаланған алаяқтарға емес, әпкесіне көмектескеніне сенімді болған", — деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Алаяқтар анықталды және ұсталды. Олар – Түркістан облысынан келгендер. Ұсталғандардың үшеуі бұрын да алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы белгілі болды.
"Қылмысты ашуға екінші деңгейлі банктердің бірінің қауіпсіздік қызметкерлері көмек көрсеткен. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша осы қылмыстың жан-жақты, толық және объективті тергелуін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеудің осы кезеңінде бұл топ жасаған үш бірдей алаяқтық дерегі анықталды", – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.