Қызылорда облысында атыс болып, тоғыз күдікті ұсталды

18.12.2021 16:43

Үш жасөспірім оқтың ұшқынынан жарақат алды

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысында аса ауыр қылмыс жасаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Еске сала кетсек, 15 желтоқсанда кешкі сағат 18.00 шамасында Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Төретам ауылында бір топ ер адам жанжалдасып, қару қолданған. Салдарынан аялдамада тұрған үш жасөспірім оқтың ұшқынынан жарақат алды.

Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 3-бөлігі бойынша (Адам өлтіруге оқталу) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Полиция қызметкерлері ізін суытпай 8 күдіктіні анықтап, ұстады. Бұдан бөлек, кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде оқ атқан негізгі күдікті құрықталды. Ол кінәсін мойындады. Тәртіп сақшылары одан қылмыс құралын тәркіледі.

9 күдіктіге қатысты "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы таңдалып, олар қамауға алынды. Тиісті сот сараптамалары белгіленді. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

Жасөспірімдер дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, көмек көрсетілген. Олардың біреуі сол күні қайтарылса, қалған екеуі дәрігерлердің бақылауына алынған. Қазіргі кезде жасөспірімдердің жағдайы тұрақты.