Автокөлік есігінің қаптамасында 20 бөтелке алкоголь жасырылған
Шығыс Қазақстан облысында түрмеге тыйым салынған заттар кіргізгендер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Автокөлік есігінің қаптамасында 20 бөтелке алкоголь жасырылған.
Бұл автокөлік келісімшартқа сәйкес, мекеменің аумағындағы техникалық қызмет көрсету стансасына жөндеуге кіргізілген еді.
«Мекеме қызметкерлері 6699 ә/б әскери жасағының бақылаушыларымен бірге автокөлікті тексеру барысында есік қаптамасынан тыйым салынған заттарды тауып, тәркіледі. Онда зарядтау құрылғылары мен құлаққаптары бар ұялы телефон және өткір алкоголь иісі бар сыйымдылығы 1,5 литрлік 20 бөтелкені тәркіледі. Тәркіленген заттар сот-медицина сараптамасына жіберілді», – дейді ШҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, полиция полковнигі Жанболат Қалетаев.
Айта кету керек, мекеме қызметкерлері әскери бөлімнің бақылаушыларымен және иісшіл иттермен бірге тыйым салынған заттарды алып өту және лақтыру фактілерінің жолын кесу мақсатында мекеме аумағына кіретін барлық машинаны тексереді.