Маңғыстау облысының полиция департаменті мән-жайды анықтауда
Белгілі ақтаулық белсенді және блогер Азамат Сәрсенбаев 5 қазанда Жаңаөзенде "Қызыл кітапқа" енген арқар өлексесі қоқыс жәшігінен табылғанын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Сөзін дәлелдеу үшін ол Instagram-дағы парақшасына видео жариялады. Блогердің айтуынша, "Қызыл кітапқа" енген жануарды атқан браконьерлер немесе бақылаушылар оны қоқыс жәшігіне лақтырып жіберген.
Осы оқиғаға қатысты жергілікті эколог Әділбек Қозыбақов мамандармен ақылдаса келе, бұл жай ғана ешкі екен деген қорытындыға келгенін айтты.
- Эколог маман бізді ешкіден арқарды ажырата алмайды деп ойлай ма? Мұнда олардың біреуді бүркеп жатқаны анық. Экология министрлігі қызметкерлерді Үстірт қорығынан "Қызыл кітапқа" енген жануарды өлтіруге рұқсат бергенін біліп қоймасын деп отыр. Бұлар ешкімнен қорықпайды. Беті қызармай өтірік айтады, – деді блогер Азамат Сәрсенбаев.
Осы оқиға байланысты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті түсінік берді.
- 2023 жылдың 5 қазанында әлеуметтік желілерде Жаңаөзен қаласы аудандарының бірінде қоқыс контейнерінен табылған "Қызыл кітапқа" енген жануардың өлексесі туралы видео тарап, Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері дереу оқиға орнына барды, - делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Алайда комитеттің хабарлауынша, оқиға орнына барған мамандар жануардың өлексесін таппаған. Олар оны коммуналдық қызметтер алып кетті деп болжады.
Қазір Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Маңғыстау облысы бойынша ДПБ-мен бірлесіп оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында жануарларға қатыгездік танытқандар анықталды