Ақтөбеде 66 жастағы тұрғын әйелімен жанжалдасып, оған пышақ салды

10.07.2021 17:47

Сот-медициналық сараптама тағайындалды

gtrk.tv

Ақтөбеде отбасылық жанжал пышақтасумен аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ге сілтеме жасап.

4 шілдеде зейнеткер жұбайлар арасында жанжал туындап, оның барысында 66 жастағы отағасы 60 жастағы әйеліне пышақ жарақатын салған. Жәбірленуші АМО-ға пышақ жарақатымен жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Осы баптың санкциясы үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 17 қылмыс тіркелген. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларының бірі – қорғау нұсқамаларын шығару және құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу. Учаскелік полиция инспекторлары 2 590 қорғау нұсқамасын шығарды, соттар құқық бұзушылардың жүріс-тұрысына 701 ерекше талап қойды, оның ішінде 564 құқық бұзушыға қатысты алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынды.