Ол басшылық қызметке орналасу және қаржылық, коммерциялық ұйымдарда лауазым иелену құқығынан айырылды
ЖШС директоры аса ірі көлемде алаяқтық жасап, еңбек заңнамасын бқзып, сот актілерін орындамағаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Айыртау аудандық сотының мәлімдеуінше, сотталушы 6,3 млн астам теңге зейнетақы аударымын аудару туралы сот бұйрығын жарты жыл бойы орындамаған. Оның үстіне, 2020 жылдан бастап жұмысшылардың жалақысын төлемепті. Ол ақшаны өз пайдасына жұмсап жіберген.
Сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кепілдігімен 2020 жылы 5 мың тонна астық сатып алу жөнінде келісімге отырған. Ақырында берешек 250 млн теңгені қайтармай кеткен көрінеді.
"Прокурор оған 10 жылға жаза кесуді сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамай, соттан ақтауды сұрады. Қылмысы зардап шегушілердің, куәгерлердің көрсетуімен, іс материалдарымен толық дәлелденді. 6 жылға бас бостандығынан айырылды", — делінеді хабарламада.
Сондай-ақ ол басшылық қызметке орналасу және қаржылық, коммерциялық ұйымдарда лауазым иелену құқығынан айырылды.