Павлодар облысында танысын пышақтап өлтірген адам 13 жылға сотталды

24.01.2024 17:15

Сол түні пәтерде үш ер адам мен екі әйел мерекеге жиналған

elements.envato.com

Павлодар облысында танысын пышақтап өлтірген тұрғын сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылдың 25 шілдесінде Екібастұздағы Қонаев көшесі бойымен өтіп бара жатқан тұрғын пышақ жарақаты бар ер адамды көріп, жедел жәрдем мен полиция шақырған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу жеткен болатын. Тергеу барысында марқұмның таныстарымен бірге ішімдік ішкені анықталды.

Сол түні пәтерде үш ер адам мен екі әйел мерекеге жиналған. Таңертең әйел адамдар кетіп, ер адамдар үйдің ауласына шығып, әңгімені жалғастырған. Біреуі мас күйінде танысына пышақ сұғып алады.

Қалалық сотта Екібастұзға жұмыс істеуге келген Баянауыл ауданының тұрғынын өлтіргені үшін ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.  

«Қылмысты жасаған ер адамды Астанаға кеткісі келіп, такси шақырған жерінен Екібастұз қаласының жедел уәкілдері ұстады. Оның кінәсінің толығымен дәлелденді», – деді Екібастұз қаласы ПБ бастығының орынбасары Валентин Бримжанов.

Сот үкімді жариялады. Іс бойынша барлық мән-жайды ескере отырып, сот ерекше режимдегі қылмыстық-түзеу жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.