Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Маңғыстауда есірткінің ірі партиясы тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті хабарлағандай, «Қарасора-2023» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ведомствоның есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақтаудағы 14 шағынаудан мекенжайы бойынша есірткі заттарын сақтады деген күдікпен 29 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
«Тінту барысында күдіктіден 31,70 гр мефедрон бар 33 байлам тәркіленді. Автокөлік пен пәтерді тінту кезінде тағы 212 байлам мефедрон тәркіленді. Сонымен қатар құрамында псилоцибин бар 5 байлам галлюциногенді саңырауқұлақтар табылды. Күдікті есірткіні жасырған тағы бір орынды өз еркімен көрсетіп, ол жерден де 532,34 гр мефедрон тәркіленді. Барлығы 768,38 гр мефедрон және 165,43 гр псилоцибин тәркіленді», - делінген хабарламада.
Қылмыстық іс ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша ПД СДТБТ-де тіркелді.
«Күдікті УҰИ-ға қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - дейді ПД өкілдері.