Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігі бойынша СДТБТ-не тіркелді
Батыс Қазақстан облыстық прокурорлары бюджет қаражатының ірі көлемде жымқырылғанын анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
«Прокурорлық тексеріс арқылы БҚО Шағатай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы 2020 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде өзінің карталық шотына заңсыз аудару жолымен 12 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды», - делінген прокуратура хабарламасында.
Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігі бойынша СДТБТ-не тіркеліп, кейіннен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданып, тергеу нәтижесі бойынша іс сотқа жолданды.
«Сот үкімімен әкімдік қызметкері 3 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтеу тағайындалды», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.