Қажетті сараптамалар тағайындалды
Павлодар облысында 36 жастағы ер адам әйелді өлтіріп, оның денесін кілемге орап тастап кеткен деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 17 қазан күні сағат 16.44-те Екібастұз қаласының полициясына "М.Жүсіп көшесі, 68 үйдің жанында кілемнен адамның аяғы көрінеді" деген хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы үйдің кіреберісінде кілемге орап тастаған әйелдің мәйітін тапты. Кілемнің жоғары және төменгі жақтарын сыммен байлап тастаған.
"Әйелдің жансыз денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар екені анықталды. Полиция әйелдің жеке басын анықтады. Ол Екібастұз қаласының 38 жастағы тұрғыны болып шықты", - деді Екібастұз қаласы Полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шақарғалиев.
Кісі өлтірді деген күдік бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Екібастұз қаласының тұрғыны, 1986 жылы туған ер адам ұсталды. Ол кінәсін мойындады. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Кісі өлтіру фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.