Петропавл қалалық Мәдениет үйінің директоры 4 жылға сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Петропавл қалалық соты Мәдениет үйінің директоры, ішкі аудит департаментінің заңгері және бюджеттік қаражатты жымқырған ЖШС басшысына, сондай-ақ пара берген жеке кәсіпкер П.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
Петропавл қалалық сотының мәліметінше, Мәдениет үйінің директоры Д. және ішкі аудит департаментінің заңгері У. кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргені үшін, Д. пара алғаны үшін, ЖШС басшысы бюджет қаражатын ұрлағаны, жеке кәсіпкер П. пара бергені үшін жауапқа тартылды.
Өткен жылдың қазан айында Мәдениет үйінің директоры, Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің заңгерімен бірге қалалық Мәдениет үйінің көрермен залын жөндеу құқығын алған адамды шеттетіп, басқа ЖШС басшысы К.-мен заңсыз шартқа отырған.
Кәсіпкер К. тиісті көлемде орындамағанымен, Д. мен У. жұмысты еш кедергісіз қабылдаған. Осылайша үшеу бюджет қаражатын ұрлап, мемлекетке 7 млн теңгеден астам шығын келтірді. Сонымен қатар Д. жеке кәсіпкер П.-дан орындалған жұмыс актісіне қол қойғаны және сахналық қойылымдарды безендіру бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасағаны үшін 454 мың теңге көлемінде пара алды.
Сотталушылар кінәні мойындамады. Десек те, олардың кінәсі куәгерлер мен сарапшылардың айғақтарымен, жазбаша дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Сот үкім шығарарда олардың жас балалары бар екенін ескерді.
Осылайша Мәдениет үйінің директоры Д.-ға 4 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Д.-ның асырауында бір кәмелетке толмаған және үш жас баланың болуына байланысты сот жазаны орындауды 5 жыл мерзімге кейінге қалдырды.
Ішкі аудит департаментінің заңгері У. қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде алдағы 4 жылын өткермек.
ЖШС басшысы К. 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Ал пара берген жеке кәсіпкер П.-ға параның 25 еселенген сомасына тең айыппұл түрінде жаза тағайындалды, бұл 11 350 000 теңгеге сәйкес келеді.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.