Ұсталған азамат кінәсін мойындады
Жамбыл облысында жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ізін суытпай ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
19 мамырда сағат 05:30 шамасында аудандық маңызы бар «Айша бибі-Қаратау» көлік жолының 3-шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алды. Белгісіз тұлға 45 жастағы ер адамды қағып, белгісіз бағытқа қашып кеткен. Жаяу жүргінші оқиға орнында алған дене жарақаттары салдарынан қайтыс болды. Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жедел әрекет етіп, нәтижесінде «Ауди-80» көлігінің 28 жастағы жүргізушісі анықталып, ұсталды.
«Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК- нің 345 және 347-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Көлік тұраққа қойылды. Бірқатар тиісті сараптама кешені тағайындалды»,- делінген полиция департаментінің хабарламасында.