Павлодарда көші-қонға бөлінген қаржыны қолды қылғандар кімдер

15.05.2024 в 17:33

Тек 6 ауданда 600 млн теңгеден астам шығын анықталды

Павлодарда көші-қонға бөлінген қаржы талан-таражға түскен. Қазынаның 600 млн теңгесін қолды қылғандар – өңірлік жұмыспен қамту орталығы мен мансап орталығының мамандары, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша оңтүстіктен көшіп келген азаматтарға қараусыз қалған үйді арзанға алып берген көрінеді. Кейіннен құжаттағы соманы ондаған есеге көтерген. Ал талапқа сәйкес, қоныс аударған көпшілік баспана бағасын жартылай өтеуге міндеттелген. Заңнамаға сәйкес, бір үйдің құны 4,2 миллион теңгеден аспауы керек. Бұл ретте айласын асырмақ болғандар бюджет қаражатын қалтаға көбірек басу үшін үй құнын 8 миллион теңгеге дейін бағалаған. Ал тексеру барысында тұрғын-жайлардың кейбірі тіпті 500 мың теңгеге ғана сатылған.  

– Тек 6 ауданда 600 млн теңгеден астам шығын анықталды. Прокуратура тексеріс материалын ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу амалдарын арнайы прокурорлар жүргізуде, – деді облыс прокурорының көмекшісі Асхат Атикеев.