Тергеу аясында 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр
Еліміздің Ішкі істер министрлігі Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты істі тергеудің не себепті ұзаққа созылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Тергеудің ұзаққа созылуы өте көп көлемдегі қаржылық және өзге де құжаттарды сараптау қажеттігіне, бірқатар сот сараптамасын тағайындау мен жүргізуге, бірқатар тергеу амалдарын жүргізуді қажет ететін процеске қатысушылардың көп болуына байланысты болып отыр", – дейді министрліктен.
Сонымен қатар ведомство бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын (Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-тармағына сәйкес) Алматы қалалық полиция департаменті жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Тергеу аясында 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Қазіргі уақытта оның 10-ы тұтқынға алынып, екеуіне кепіл және ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданған. Тағы екі адамға халықаралық іздеу жарияланған.
Күдіктілерге қатысты шаралар Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 139-бабы талаптарын сақтай отырып қабылданған. Одан бөлек тергеу органы азаматтық талап үкімінің орындалуын, өзге мүліктерді өндіріп алу немесе мүлікті тәркілеу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында күдіктілердің ASTEX.KZ және АCD technology ЖШС-дегі мүлкін бұғаттаған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген вайнер Мейіржан Төребаев пен тағы үш азаматтың қамауға алынғаны белгілі болған еді.